15 қазан күні студенттердің ТОО «QSTEM» директоры Досболов Нұрболат Мұратұлы және ТОО «QSTEM» CEO Optimation компаниясының басшысы Андасбек Нұрғиса мырзалармен кездесуі өтті. Кездесу интерактивті форматта өтіп, «Жасанды интеллект білім беруде қалай көмектесе алады?» тақырыбына арналды.
Нұрболат Мұратұлы өзінің кәсіби жолы туралы айтып, осы салаға қалай келгенін, қандай қиындықтардан өткенін және оларды қалай жеңгенін бөлісті. Андасбек Нұрғиса жасанды интеллекттің әртүрлі салалардағы, әсіресе білім беру жүйесіндегі мүмкіндіктеріне тоқталды. Ол жасанды интеллект тек білім беру процесін жақсартумен қатар, рутиндік тапсырмаларды автоматтандыруға, әрбір студентке жеке білім беру тәсілін ұсынуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Жасанды интеллект сонымен қатар үлкен көлемдегі деректерді талдауға көмектесіп, тиімді оқыту әдістерін құруға және студенттердің біліміндегі олқылықтарды жылдам анықтауға мүмкіндік береді.
Студенттер жасанды интеллекттің оқу процесіне енгізілуі, технологиялардың нақты тәжірибеде қолданылу мүмкіндіктері және олардың мансаптық дамуға әсері туралы белсенді сұрақтар қойды. Әсіресе, жасанды интеллекттің қашықтан оқытуда қалай көмектесетіні, оқу бағдарламаларын оңтайландыру және білім беру ресурстарына қолжетімділікті жақсарту туралы талқылау назарға алынды.
Кездесу соңында қонақтар студенттерге оқуда табыс, мақсаттарына жетуде батылдық және жаңа жетістіктерге шабыт тіледі.