Select Page

2026 жылғы 25–26 маусымда ALT University Басқарма төрағасы – Ректоры Меруерт Советқызы Жармағамбетова Үрімші қаласында (ҚХР) өтіп жатқан Өндіріс, білім, ғылыми зерттеулер және оларды қолдану саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қытай-Орталық Азия конференциясына қатысты.

Ауқымды іс-шараны Қытай Халық Республикасының Білім министрлігі, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Білім департаменті және Қытайдың жетекші университеттерінің қолдауымен «Орталық Азия – Қытай» форматындағы білім беру саласындағы алмасу және ынтымақтастық орталығы ұйымдастырды.

Конференция Қытай мен Орталық Азия елдерінің бейінді министрліктерінің өкілдерін, университет басшыларын, академиялық қауымдастық пен ғылыми ұйымдардың, сондай-ақ өндірістік кәсіпорындардың жетекшілерін біріктірді. Қатысушылар қатарында білім вице-министрлері, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанның жетекші университеттерінің ректорлары, Қытай инженерлік академиясының, сондай-ақ Қытайдың ірі компанияларының өкілдері бар.

Іс-шараның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова құттықтау сөз сөйлеп, Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы білім беру және ғылыми ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ конференция қатысушыларына ҚХР Білім министрлігінің өкілдері, аймақтың жетекші жоғары оқу орындарының басшылары мен академиялық қауымдастық өкілдері де құттықтау лебіздерін білдірді.

Конференция аясында білім, ғылым және өндірісті интеграциялау, инженерлік және кәсіптік білім беруді дамыту, білім беру ортасын цифрлық трансформациялау, академиялық ұтқырлық, бірлескен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру және экономиканың жоғары технологиялық салалары үшін кадрлар даярлау мәселелері талқылануда.

Бағдарламада заманауи білім беру технологияларын дамытуға және Орталық Азия елдері мен Қытай университеттері арасындағы серіктестікті нығайтуға арналған «Жібек жолының интеллектуалды байланысы: кәсіптік білім берудегі цифрлық инновациялар» атты тақырыптық семинар ерекше орын иемденді.

ALT University-дің осы конференцияға қатысуы халықаралық академиялық серіктестікті кеңейтуге, бірлескен білім беру және зерттеу жобаларын дамытуға, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының жетекші университеттерімен және ғылыми-білім беру орталықтарымен ынтымақтастықты нығайтуға жаңа серпін береді.

Автор: Алия Ерлан

Skip to content
Приемная комиссия