2026 жылғы 12–16 қазан аралығында Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсатын — «Сапалы білім» және 9-мақсатын — «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым» іске асыру аясында Азаматтық құрылыс департаментінің «Кадастр және қала құрылысы» білім беру бағдарламасы бойынша білім алатын КГ-24-1к тобының студенттері ALT Университетінің аумағында практикалық жұмыс орындады.
Практикалық жұмыстың тақырыбы — «Нивелирлік жүрісті өңдеу және рұқсат етілген үйлеспеушілікті бақылау». Жұмыс сениор-лектор және тәлімгер Ақшықбаева Айнура Мэлсовнаның және ассистент-оқытушы Тасыбаева Нурайым Қайратқызының жетекшілігімен өткізілді.
Практикалық жұмыстың негізгі мақсаты геометриялық нивелирлеу бойынша теориялық білімді бекіту және геодезиялық аспаптармен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын қалыптастыру болды. Студенттер аспаптарды орнату және жұмыс жағдайына келтіру тәртібімен, нивелирлік рейкалар бойынша есеп алу әдістерімен және қауіпсіздік техникасының талаптарымен танысты.
Жұмыс барысында студенттер нивелирлік жүріс жүргізіп, өлшеу нәтижелерін далалық журналға енгізді. Алынған деректер негізінде нүктелер арасындағы өсімшелер мен биіктік белгілері есептеліп, нивелирлік жүрістің нақты үйлеспеушілігі анықталды. Нақты көрсеткіш рұқсат етілген үйлеспеушілікпен салыстырылып, өлшеу нәтижелерінің дәлдігі бағаланды.
ТДМ 4: Сапалы білім. Практикалық жұмыс теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға, студенттердің кәсіби құзыреттерін, дербестігін, жауапкершілігін және командалық жұмыс дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.
ТДМ 9: Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым. Заманауи нивелирлерді, электрондық теодолиттерді, тахеометрлерді және GPS/GNSS қабылдағыштарын пайдалану студенттердің инновациялық технологияларды меңгеруіне және геодезиялық, кадастрлық, құрылыс пен инфрақұрылымдық жобаларды орындауға қажетті кәсіби дағдыларын дамытуға бағытталды.
Практикалық жұмыстың нәтижесінде студенттер далалық өлшеулерді орындау, алынған деректерді камералдық өңдеу, нивелирлеу дәлдігін бағалау және кәсіби міндеттерді шешу барысында заманауи геодезиялық технологияларды қолдану тәжірибесін жинақтады.
Автор: Тасыбаева Н. Қ.


