2026 жылғы 29 қазанда «Телекоммуникациядағы компьютерлік жобалау жүйелері» пәні бойынша 2–4-курс студенттері «Шағын көше мен байланыс желісінің жоспарын жасау» тақырыбындағы кейс-жобаларын қорғады. Жобаларды қорғау Компьютерлік ғылымдар департаментінің оқытушысы Қайржанова А.А. жетекшілігімен өтті.
Кейс-жобаның негізгі мақсаты – студенттердің телекоммуникациялық желілерді компьютерлік жобалау бойынша алған теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде қолдануы және AutoCAD бағдарламасында техникалық сызбалар әзірлеу дағдыларын қалыптастыруы болды.Тапсырма бойынша студенттер командаларға бөлініп, шағын көше мен байланыс желісінің жоспарын әзірледі. Жоба барысында олар тұрғын үйлерді, жолдарды, көше қиылыстарын, жаяу жүргіншілер жолдарын, байланыс құдықтарын және кабель өтетін бағыттарды сызбада көрсетті. Сонымен қатар нысандардың орналасуын дұрыс белгілеп, қажетті өлшемдерді, шартты белгілерді және түсіндірме жазбаларды енгізді. Студенттер AutoCAD бағдарламасының негізгі құралдарын пайдаланып, сызбаларды қабаттар бойынша реттеді, сызықтардың түрлері мен қалыңдығын таңдады, нысандардың өлшемдері мен арақашықтығын белгіледі. Байланыс кабелінің бағытын жобалау кезінде қауіпсіздік талаптарын, көше инфрақұрылымының ерекшеліктерін және телекоммуникациялық құдықтардың тиімді орналасуын ескерді.Қорғау барысында әр команда өз жобасын таныстырып, көше жоспарының құрылымын, байланыс желісінің бағытын және қабылданған жобалық шешімдерді түсіндірді. Студенттер сызбаны әзірлеу кезеңдері туралы айтып, AutoCAD бағдарламасында пайдаланылған құралдар мен командаларды көрсетті. Сондай-ақ қойылған сұрақтарға жауап беріп, өз шешімдерін негіздей алды.
Кейс-жобаларды орындау студенттердің кеңістіктік ойлау, техникалық сызбалар әзірлеу, командада жұмыс істеу және жобаны көпшілік алдында таныстыру дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді. Әрбір жұмыс студенттердің ұқыптылығын, шығармашылық ізденісін және таңдаған мамандығына деген қызығушылығын көрсетті.
Автор: Өмірбекова З. М.


