Алматы, 2026 жылғы 19 маусым — ALT University өкілдері ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырған «Қазақ-қырғыз ғылыми ынтымақтастығы: ортақ құндылықтар мен ерекшеліктер» атты ғылыми-интеграциялық форумға қатысты.
Ауқымды шарада университет намысын Басқарма төрағасы – Ректор Меруерт Жармағамбетова, Ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ғани Серғазин, институт директорлары мен профессор-оқытушылар құрамының өкілдері қорғады.
Форум ғылыми дипломатияны дамыту, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ғылыми өзара іс-қимылды нығайту, сондай-ақ Орталық Азия халықтарының ортақ тарихи-мәдени мұрасын зерттеу мәселелеріне арналды. Басқосуға мемлекеттік органдардың өкілдері, екі елдің ұлттық ғылым академияларының басшылары, академиктер, жетекші ғалымдар, сарапшылар және қоғам қайраткерлері қатысты.
Пленарлық және тақырыптық сессиялар барысында қатысушылар өңірлік ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайындағы ғылымның рөлін, Орталық Азия халықтарының тарихи мұрасын бірлесе зерттеудің перспективаларын талқылады. Сонымен қатар, жоғары білім беруді дамыту, су-энергетикалық серіктестік, еңбек миграциясы, өңір мемлекеттерінің транзиттік стратегиялары және халықаралық серіктестікті нығайтуға қатысты кең ауқымды тақырыптар қозғалды.
Форумның басты нәтижесі — ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен ҚР Президенті жанындағы Қырғыз Республикасының Ұлттық ғылым академиясы арасында Дала өркениетін зерттеу жөніндегі халықаралық консорциум құру туралы келісімге қол қойылуы болды. Бұл жаңа ғылыми платформа түркі халықтарының тарихи мұрасын кешенді зерттеу, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, археологиялық экспедициялар ұйымдастыру, цифрлық архивтер құру және жас ғалымдардың академиялық ұтқырлығын дамыту үшін екі елдің зерттеу әлеуетін біріктіруге бағытталған.
Форумға қатысушылар мемлекетаралық сенімді нығайтудың, гуманитарлық байланыстарды дамытудың және Орталық Азияның біртұтас зияткерлік кеңістігін қалыптастырудың тиімді құралы ретіндегі ғылыми дипломатия мәселелеріне ерекше назар аударды. Спикерлердің пікірінше, Дала өркениетін зерттеу жөніндегі халықаралық консорциумның құрылуы ғылыми интеграцияны тереңдетудегі, академиялық ынтымақтастықты кеңейтудегі және Ұлы даланың бай тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танымал етудегі маңызды қадам болмақ.
Автор: Алия Ерлан


