Select Page

Саргизова Гүлзада Балтабековна
Әлеуметтік ғылымдар және адами даму департаментінің сениор-лекторы, гуманитарлық ғылымдар магистрі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы Жолдауында көтерілген мәселелер 2025 жылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдаудың заңды жалғасы болып табылады. Егер өткен жылғы Жолдауда жасанды интеллектіні дамыту мен цифрлық трансформацияның стратегиялық бағыттары айқындалса, биыл нақты нәтижелерге қол жеткізуге ерекше назар аударылып отыр. Атап айтқанда, цифрлық экономиканы қалыптастыру, суперкомпьютерлік инфрақұрылымды дамыту, деректерді өңдеу орталықтарын кеңейту және жаңа технологияларды қоғам игілігіне тиімді пайдалану мәселелері маңызды орын алады. Президенттің цифрландыру тек технологияларды енгізумен шектелмей, нақты экономикалық және әлеуметтік нәтиже беруі тиіс деген ұстанымы еліміздің дамуындағы сапалы өзгерістердің қажеттілігін көрсетеді. Бұл бағыттардың сабақтастығы мемлекеттік саясаттың ұзақ мерзімді мақсаттарға негізделгенін көрсетеді. Әсіресе, жоғары білім беру жүйесі үшін технологиялық өзгерістерге бейімделген, сыни ойлайтын, кәсіби біліктілігі жоғары мамандар даярлау мәселесі ерекше маңызға ие.

Білім беру саласындағы жаңашылдықтарды қолдай отырып, цифрлық құзыреттілікті дамытумен қатар, жастардың рухани-адамгершілік құндылықтарын, тарихи санасы мен ұлттық мәдениетке деген құрметін қалыптастыру маңызды деп есептеймін. Бүгінгі университеттің міндеті – цифрлық технологияларды меңгерген мамандар даярлаумен қатар, олардың сыни ойлау қабілетін, ғылыми ізденіс мәдениетін және әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыру. Сонымен бірге, технологиялық даму ұлттық құндылықтардан, тарихи сана мен мәдени мұрадан ажырамауы тиіс. Сондықтан білім беру үдерісінде инновациялық тәсілдерді гуманитарлық біліммен ұштастыру – жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі.

Skip to content
Приемная комиссия