Қытайға жұмыс сапары аясында ALT University делегациясы Вэньчжоу қаласында орналасқан, Чжэцзян провинциясының кәсіптік және техникалық білім беретін жетекші мемлекеттік мекемелерінің бірі — Zhejiang Industry & Trade Vocational College-ге барды.
Делегация құрамында ALT University Басқарма төрағасы – Ректоры Меруерт Советқызы Жармағамбетова, Академиялық қызмет жөніндегі проректор Шамиль Асқарұлы Әбдірешов, «Энергетика» кафедрасының аға лекторы (сениор-лектор) Қазбек Найманқазыұлы Оразбаев және «Радиотехника және телекоммуникациялар» кафедрасының аға лекторы (сениор-лектор) Дина Алпысбайқызы Смаилова болды.
Сапар барысында университет өкілдері колледждің білім беру инфрақұрылымымен, заманауи зертханаларымен, ғылыми-зерттеу орталықтарымен және кадрлар даярлаудың практикаға бағытталған үлгісімен танысты. Білім, ғылым және өндірісті интеграциялау (ұштастыру) мәселелеріне, сондай-ақ оқу орнының өнеркәсіптік кәсіпорындармен және жұмыс берушілермен өзара іс-қимылына ерекше назар аударылды.
Zhejiang Industry & Trade Vocational College машина жасау, электроника, материалтану, ақпараттық технологиялар, логистика, дизайн, экономика және басқару бағыттары бойынша білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады. Колледж оқытудың практикаға бағытталған тәсілімен, инновациялық қызмет пен кәсіпкерлікті дамытуымен, сонымен қатар индустриялық серіктестермен тығыз ынтымақтастығымен танымал.
Оқу орнының заманауи ғылыми-білім беру инфрақұрылымы бар, оның құрамына зерттеу институттары, заманауи өндірістік технологиялар, перспективалы материалдар, электрондық ақпарат және инновациялық кәсіпкерлік орталықтары кіреді. Кәсіптік білім беру, техникалық кадрларды даярлау және инновацияларды дамыту саласындағы жетістіктері үшін колледж ұлттық деңгейде бірнеше рет жоғары бағаланған.
Кездесу аясында тараптар академиялық ынтымақтастықтың перспективаларын, инженерлік және техникалық білім беру саласында тәжірибе алмасуды, сондай-ақ бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Zhejiang Industry & Trade Vocational College-ге бару инженерлік кадрларды даярлаудың үздік халықаралық тәжірибелерін зерделеудегі және ALT University-дің Қытай Халық Республикасының білім беру ұйымдарымен серіктестік байланыстарын одан әрі дамытудағы маңызды кезең болды.
Автор: Алия Ерлан


