Select Page

Халықаралық ынтымақтастықты дамыту және материалдық-техникалық базаны жаңғырту аясында ALT University делегациясы Вэньчжоу қаласындағы (ҚХР) YALONG Intelligent Equipment Group компаниясына барды. Аталған кәсіпорын — инженерлік және техникалық білім беруге арналған интеллектуалды оқу жабдықтарын, өнеркәсіптік бағдарламалық қамтамасыз етуді және кешенді шешімдерді әзірлеудегі әлемдік көшбасшылардың бірі.

Делегация құрамында ALT University Басқарма төрағасы – Ректоры Меруерт Советқызы Жармағамбетова, Академиялық қызмет жөніндегі проректор Шамиль Асқарұлы Әбдірешов, «Энергетика» кафедрасының аға лекторы (сениор-лектор) Қазбек Найманқазыұлы Оразбаев және «Радиотехника және телекоммуникациялар» кафедрасының аға лекторы (сениор-лектор) Дина Алпысбайқызы Смаилова болды.

YALONG компаниясы интеллектуалды жабдықтарды, цифрлық білім беру шешімдерін әзірлеу мен енгізуге, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша университеттерге, колледждерге, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ұйымдарға консалтингтік қызметтер көрсетуге мамандандырылған. Кәсіпорын Қытайдың ұлттық жоғары технологиялық кәсіпорны мәртебесіне ие, 500-ден астам патент пен бағдарламалық жасақтамаға авторлық құқықтары бар, мемлекеттік ғылыми-техникалық жобаларды іске асыруға және салалық білім беру стандарттарын әзірлеуге белсенді қатысады.

Сапар барысында ALT University өкілдері компанияның өндірістік қуатымен, заманауи білім беру технологияларымен және автоматика, электроника, энергетика және телекоммуникация салаларындағы мамандарды даярлауға арналған инновациялық зертханалық кешендермен танысты. Халықаралық кәсіби чемпионаттардың қатысушыларын дайындауға және практикаға бағытталған инженерлік білім беруді дамытуға қолданылатын шешімдер ерекше қызығушылық тудырды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша ынтымақтастықтың алғашқы кезеңі іске асырылды: ALT University үшін энергетика, телекоммуникация, автоматика және электроника бағыттары бойынша құны 50 миллион теңгені құрайтын заманауи оқу жабдықтары сатып алынды.

Тараптар алдағы серіктестіктің перспективалары мен университет зертханаларын жабдықтаудың екінші кезеңін жүзеге асыру мүмкіндіктерін де талқылады. Атап айтқанда, заманауи білім беру технологияларын енгізу, практикаға бағытталған оқытуды дамыту және инженерлік кадрларды даярлау саласындағы ыңтымақтастықты кеңейту мәселелері қаралды.

Жаңа жабдықтар студенттерге халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи оқу кешендерінде практикалық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді, сондай-ақ Қазақстан экономикасының жоғары технологиялық салалары үшін сұранысқа ие мамандарды даярлау сапасын арттырады.

ALT University халықаралық байланыстарды нығайтуды және жаңа буын инженерлерін даярлау үшін заманауи білім беру ортасын құруды жалғастыруда.

Автор: Алия Ерлан

Skip to content
Приемная комиссия