Университетімізде Қазақстанның жетекші ғылыми-көліктік және IT-ұйымдарының бірі — «Universal Tech Decisions» (UTD) ЖШС өкілімен жұмыс кездесуі өтті. Назарбаев Университеті Технопаркінің резиденті болып табылатын бұл компания көлік ағындарының цифрлық егіздерін жасауға, Big Data аналитикасына және ақылды қалаларға арналған ұшқышсыз технологияларды (UAV) пайдалануға мамандандырылған.
Талқылаудың басты тақырыбы — жаңа буын мамандарын даярлауға арналған кешенді экожүйені құру мәселесі болды. Тараптар заманауи білім беру процесі тек аудитория қабырғасымен ғана шектелмеуі тиіс деген ортақ пікірге келді. Жоспарланған серіктестік аясында бірнеше негізгі бағытты бірдей қамту көзделіп отыр:
- Білім беру бағдарламаларын жаңарту: оқу процесіне көліктік модельдеудің нақты кейстерін кіріктіру (интеграциялау).
- Бірлескен ғылыми-зерттеу жобалары: студенттер мен оқытушылардың қалалық мобильділікті ауқымды зерттеу жұмыстарына және Big Data талдауына қатысуы.
- Студенттерге арналған қосымша мүмкіндіктер: Астана және Алматы қалаларындағы компанияның нақты нысандарында өндірістік тәжірибеден және ақылы тағылымдамадан өту, сондай-ақ үздік түлектерді одан әрі жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері.
«Universal Tech Decisions» өкілінің бұл сапары ғылымның, білімнің және экономиканың нақты секторын интеграциялаудың жаңа кезеңіне жол ашады. Бұл өз кезегінде біздің студенттерімізге жоғары оқу орнын бітіргенге дейін-ақ ең өзекті цифрлық құзыреттіліктерді меңгеріп шығуға мүмкіндік береді.
Автор: Абдикаликова Л. Б.


