Алматы магистральдық желі бөлімшесінде Мұхаметжан Тынышбаев атындағы ALT университеті студенттерін геодезиялық практикаға шығарып салуға арналған ұйымдастыру кездесуі өтті. Іс-шараға университет басшылығы, теміржол саласының өкілдері мен оқытушылар қатысып, студенттерге сәтті тәжірибе мен ақ жол тіледі.
Қатысушылар алдында Мұхаметжан Тынышбаев атындағы ALT университетінің академиялық қызмет проректоры Абдрешов Шамиль Асқарұлы құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде болашақ мамандарды тәжірибелік даярлаудың маңыздылығын атап өтіп, геодезиялық практиканың кәсіби қалыптасудағы ерекше рөлін айтты.
Іс-шараның құрметті қонағы – теміржол саласының ардагері, Алматы өңірі теміржолшылары ардагерлер кеңесінің төрағасы Омаров Дуан Құмыранұлы болды. Ол студенттермен өзінің мол тәжірибесімен бөлісіп, практиканы жауапкершілікпен өтіп, алған білімдерін тәжірибеде тиімді қолдануға шақырды.
Сонымен қатар студенттер алдында Алматы магистральдық желі бөлімшесі директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Төкенов Д.Т., «Көлік және құрылыс» институтының директоры Сулеева Н.З. және «Көлік құрылысы» кафедрасының меңгерушісі Төлемісов Т.Ж. сөз сөйлеп, тәжірибелік дайындықтың теориялық білімді бекітудегі және кәсіби құзыреттілікті қалыптастырудағы маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Студенттерге тәртіп, жауапкершілік және қауіпсіздік техникасын сақтау теміржолшы мамандығының негізгі қағидаттарының бірі екені ескертілді.
Нұсқама жүргізген Алматы жол дистанциясының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі жетекші инженері Довай А. студенттерді практика барысында сақталуы тиіс негізгі қауіпсіздік талаптарымен таныстырды.
Іс-шара соңында студенттерге сәтті, қауіпсіз әрі нәтижелі практика, жаңа кәсіби жетістіктер мен пайдалы тәжірибе тіленді.
Автор: Абдикаликова Л.Б.


