Select Page

2026 жылғы 28 қазанда сағат 15:00-де ALT University Компьютерлік ғылымдар департаментінде «Оңтайландыру әдістері» пәні бойынша шеберлік сабағы өтті. О209 аудиториясында өткен сабақты сениор-лектор, экономика магистрі Апселемова Гульнар Дюсембековна өткізді. Шеберлік сабаққа ИС-24-6к, ИС-24-4к, ИС-24-1к, ИС-24-5к, ИС-24-3к және УС-ИС-25-1к топтарының студенттері қатысты.

Шеберлік сабақтың тақырыбы техникалық бақылау есебін математикалық модельдеу және шешуге арналды. Сабақта шектеулі бюджет пен уақыт жағдайында компьютерлерді тексеру жұмысын тиімді жоспарлау мысалы қарастырылды.

Есепті шешу барысында шешім айнымалыларын анықтау, мақсат функциясын құру және ресурстық шектеулерді теңсіздіктер түрінде жазу кезеңдері қамтылды. Desmos көмегімен мүмкін шешімдер аймағын бейнелеу, оның төбелеріндегі мақсат функциясының мәндерін салыстыру және нәтижені Python арқылы тексеру тәсілдері көрсетілді.

Сабақ материалдары бюджет өзгерген кезде оңтайлы шешімнің қалай өзгеретінін талдауды және әдісті жаңа бастапқы деректерге қолдануды қамтыды. Топтық тапсырмада модель құру, графикалық шешім және бағдарламалық тексеру кезеңдері ұсынылды. Mentimeter білімді қайталау үшін, ал Padlet қорытынды рефлексия үшін қолданылды.

Сабақта проблемалық оқыту, «Ойлан – жұптас – бөліс» әдісі және топтық жұмыс сияқты белсенді әдіс-тәсілдер қолданылды. Студенттердің жұмысы математикалық модель құру, графикалық шешімді талдау, Python бағдарламасын қолдану және нәтижені түсіндіру критерийлері бойынша бағаланды.

Шеберлік сабағы БҰҰ-ның Тұрақты даму саласындағы 4-мақсаты — «Сапалы білім» және 9-мақсаты — «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым» міндеттерін іске асыруға бағытталды. Математикалық әдістерді цифрлық құралдармен ұштастыру білім алушылардың талдау және есептеу дағдыларын дамытуға ықпал етті.

Автор: Өмірбекова З. М.

Skip to content
Приемная комиссия