19 қарашада Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Стратегиялық серіктестердің III халықаралық форумының пленарлық отырысына қатысты. Қатысушылардың басты назарында Қазақстанды білім мен ғылымның өңірлік орталығына айналдыру, шетелдік университеттермен бірлескен ғылыми зерттеулерді кеңейту және экономиканың жоғары технологиялық салалары үшін білікті мамандар даярлау мәселелері болды.
Президенттің қатысуымен өткен пленарлық отырыс ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған екі күндік форумның басты оқиғасына айналды. Форум 18-19 қараша күндері «Инновациялар, сапа және жаһандық серіктестік арқылы жоғары білім беруді жаңғырту» тақырыбында өтті. Оған қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарының, ғылыми және халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, аккредиттеу агенттіктерінің, дипломатиялық корпус пен өнеркәсіп саласының 400-ден астам өкілі қатысты.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы Форумның өзектілігіне тоқталып, ғылыми қоғамдастық өкілдерін алдағы ауқымды өзгерістерге жан-жақты дайын болуға шақырды. Жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы дәуірінде ғылым мен білімге әлемдік өркениеттің дамуында айрықша рөл жүктелетінін атап өтті.
«Ғылым – барша адамзатқа ортақ игілік. Біз елдеріміздің жарқын болашағы мен азаматтарымыздың сапалы тұрмысын қамтамасыз ету үшін әлем қауымдастығы болып ғылым-білімдегі әр жетістігімізді саналы түрде кәдеге жаратуымыз керек. Стратегиялық серіктестер форумының негізгі мақсат-міндеті де осы деп күмәнсіз айтуға болады. Жер жүзінің ең зияткер тұлғаларын ортақ мүддеге жұмылдырған бұл алқалы жиын еліміз үшін тарихи сәтте өтіп жатыр», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда білім алуға ниетті шетелдік студенттер санының артып келе жатқанын да атап өтті.
«Былтыр елімізде басқа мемлекеттерден келген 31 мың студент оқып жатқанын айтқан едім. Қазір олардың саны 41 мыңға жетті. Соның ішінде 8 мыңнан астам студент Қазақстанның қаржылай қолдауымен білім алып жатыр. Бұл – Тәуелсіздік жылдары ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. 2029 жылға қарай 100 мың шетел студентін тарту ойымызда бар. «Қазақстанда білім ал!» деген ұлттық бастамамыз осы міндетті іске асыруда маңызды рөл атқарады деп сенемін. Біз кейінгі уақытта қол жеткізген бірқатар жетістігімізді мақтан тұтамыз. Мәселен, 18 университетіміз биылғы QS World University Rankings тізіміне енді. Сонымен қатар Қазақстанның 10 жоғары оқу орны 2027 жылғы Times Higher Education рейтингіне қосылды. 2026 жылғы Жаһандық инновация индексінде Қазақстан аймақ елдері арасында ең жоғары көрсеткішпен көш бастап, орнықты өсім көрсетіп келеді», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Форум барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанның халықаралық академиялық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Бұл кезеңде қолданбалы ғылымды дамытуға және технологиялық егемендікті нығайтуға басымдық беріледі.
«Мемлекет басшысының стратегиялық көзқарасының арқасында Қазақстан өңірлік академиялық орталық қалыптастырудың алғашқы кезеңін аяқтады. Бүгінде біз технологиялық егемендікті нығайтуға, қолданбалы ғылыми зерттеулерді дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Біздің міндетіміз – академиялық ұтқырлық пен университеттер арасындағы дәстүрлі серіктестік аясынан шығып, бірлескен ғылыми-технологиялық жобаларды жүзеге асыруға басымдық беру. Мұндай тәсілдің тиімділігін көрсететін жарқын мысалдардың бірі – Президенттің Алматыда БҰҰ Университетінің бөлімшесін ашу жөніндегі бастамасы. Небәрі 11 ай ішінде біз осы ұсыныстың көтерілуінен бастап тиісті келісімге қол қоюға дейінгі жолдан өттік», – деді министр.
Сондай-ақ форум аясында шетелдік жоғары оқу орындары мен халықаралық ұйымдардың басшылары қазақстандық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жобаларды таныстырды.
БҰҰ Университетінің ректоры, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, профессор Тшилидзи Марвала Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі университеттер мен ғылымның рөлі туралы баяндама жасады. Ол Қазақстанның білім мен ғылымды дамыту бағытын жоғары бағалады. Сондай-ақ БҰҰ Университетінің Өңірлік интеграцияны салыстырмалы зерттеу институтын (UNU-CRIS) Алматыға көшіру және оны одан әрі UNU Regions форматында дамыту жөніндегі уағдаластыққа тоқталды.
«UNU Regions-тің құрылуы бірлескен зерттеулер жүргізуге, академиялық алмасуға және сарапшылардың өзара пікір алмасуына кеңірек мүмкіндік береді. Қазақстанның университеттері мен ғылыми орталықтары халықаралық жобаларға белсендірек қатыса алады. Орталық Азияның ғылыми әлеуеті де БҰҰ-ның жаһандық күн тәртібінде кеңінен танылады», деді Тшилидзи Марвала.
Times Higher Education ұйымының бас директоры Джон Гилл қазақстандық жоғары оқу орындарының THE World University Rankings әлемдік рейтингіндегі нәтижелерін таныстырды. 2021 жылы рейтингке Қазақстанның үш университеті енсе, 2026 жылы олардың саны онға жетті. Соңғы бір жылдың өзінде осы тізімдегі отандық жоғары оқу орындарының саны екі есе өсті. Жалпы 2026 жылғы рейтингке 118 ел мен аумақтың 2 297 университеті кірді. Қазақстан мен Орталық Азияның жоғары оқу орындары арасында үздік нәтижені NU көрсетті. Университет екі жылда шамамен 200 сатыға көтеріліп, 376-400-орындардағы жоғары оқу орындарының қатарына қосылды. Джон Гиллдің айтуынша, қазақстандық университеттер рейтингтің барлық бес бағыты бойынша көрсеткіштерін жақсартқан. Бір жылда зерттеу әлеуетінің көрсеткіші 12 тармаққа өсті. Ал соңғы жеті жылда академиялық құрамның бір қызметкеріне шаққандағы ғылыми жарияланымдар саны екі еседен астам артты. Джон Гилл THE Central Eurasia University Rankings өңірлік рейтингінің жаңа шығарылымы әзірленіп жатқанын да хабарлады. Рейтингтің пилоттық кезеңіне өңірдегі 120-дан астам университет қатысты. Келесі шығарылымға Қазақстанның 35-ке жуық жоғары оқу орны қатысады деп күтіледі.
Гази университетінің ректоры Угур Унал Қазақстан мен Түркияның педагог кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастығы туралы айтты. Ол Шымкенттегі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің базасында Гази университетінің филиалын ашу мәселесіне арнайы тоқталды. Серіктестік аясында екі елдің жоғары оқу орындары мұғалім даярлау тәжірибесімен алмасып, академиялық ұтқырлықты дамытуды және бірлескен зерттеулер жүргізуді көздейді. Угур Унал филиал студенттерінің AI-Sana ұлттық бағдарламасына қатысуына қолдау көрсетуге және түрік университеттерінің оқытушыларын білім беруде жасанды интеллектіні қолданудың қазақстандық тәжірибесімен таныстыруға дайын екенін жеткізді.
Гонконг қалалық университеті (CityUHK) директорлар кеңесінің төрағасы Майкл Нгай Satbayev University-мен серіктестіктің негізгі бағыттарын таныстырды. Екі университет компьютерлік ғылымдар, материалтану және сәулет инженериясы бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуды жоспарлап отыр. Олардың қатарында компьютерлік ғылымдар бойынша магистратура бағдарламасы да бар. Майкл Нгай бірлескен ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру және Қазақстанның технологиялық жобаларына инвестиция тарту мүмкіндіктеріне де тоқталды.
«Серіктестіктің нәтижесін бағалауда жасалған келісімдердің саны емес, даярланған мамандар мен әзірленген технологиялардың экономика мен қоғамның дамуына қосқан үлесі өлшем болуға тиіс», деді Майкл Нгай.
Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технология университетінің ректоры Сергей Филатов университеттің Тараздағы филиалының тәжірибесін таныстырды. Үш жыл ішінде аталған университет, М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті және «Қазфосфат» ЖШС инженерлерді өнеркәсіп кәсіпорнының тікелей қатысуымен даярлау жүйесін қалыптастырды. «Қазфосфат» салған 2,3 млрд теңге инвестицияның есебінен филиал қажетті жабдықтармен қамтылып, алты жоғары технологиялық зертхана ашылды. Қазір филиалда 170 студент химиялық және экологиялық инженерия салаларындағы бакалавриаттың үш қос дипломды бағдарламасы бойынша білім алып жүр. Болашақ мамандарды даярлау мектептен басталады. Оқушылар «Менделеев сыныптарында» және «АгроХимТех» ғылыми лагерінде химиялық технологиялармен танысады. Кәсіпорынмен ынтымақтастықтың келесі кезеңінде «Индустриялық тапсырыс» дуальды магистратура бағдарламасын іске қосу көзделген. Бағдарламаны 2027 жылы бастау жоспарланып отыр.
Форум қорытындысы бойынша қазақстандық және шетелдік университеттер, сондай-ақ халықаралық ұйымдар ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қойды. Тараптар қос дипломды білім беру бағдарламаларын дамытуға, студенттер мен оқытушыларға арналған академиялық алмасу мүмкіндіктерін кеңейтуге, бірлескен зерттеулер жүргізуге және технологиялар трансферін жүзеге асыруға уағдаласты.


