2026 жылғы 30 сәуірде Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT University делегациясы көрнекті ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Амангелді Жұмағалиұлы Омаровты 85 жас мерейтойымен құттықтау үшін Халықаралық көлік-гуманитарлық университетіне барды.
Амангелді Жұмағалиұлы — есімі Қазақстанның көлік саласындағы білім мен ғылымның дамуымен тығыз байланысты тұлға. Ол Новосибирск теміржол көлігі инженерлері институтын «теміржол құрылыс инженері» мамандығы бойынша бітіріп, бүкіл саналы ғұмырын инженерлік білім беруді, ғылымды дамытуға және жоғары білікті кадрларды даярлауға арнады.
Әр жылдары Амангелді Омаров жоғары білім беру жүйесінде басшылық лауазымдарды атқарды. 1997-2003 жылдар аралығында М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының ректоры болды, ал 2003 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Халықаралық көлік-гуманитарлық университетін басқарып келеді.
«Бүгін біз үшін Ұстазымызды құттықтау — үлкен мәртебе. ALT University делегациясының құрамында ғалымдар, институттар мен кафедра басшылары бар, бірақ бәрімізді бір нәрсе біріктіреді — біз сіздің шәкіртіңізбіз. Сіз университеттің, Қазақстанның ғылымы мен көлік білімінің дамуына өлшеусіз үлес қостыңыз. Бүгін осы залда отырған көптеген ғалымдар сіздің мектебіңізден өтті, сіздің жетекшілігіңізбен диссертация қорғап, қолдауыңыздың арқасында ғылымда өз жолын тапты. ALT University ұжымы атынан сізге шынайы алғысымызды білдіріп, 85 жас мерейтойыңызбен құттықтаймыз», — деді ALT University Басқарма төрағасы – Ректоры Меруерт Жармағамбетова.
Сондай-ақ, іс-шара аясында «Теміржолдағы тегеурінді әулет» кітабының тұсаукесері өтті. Кітапта әке мен баланың тағдыры арқылы теміржол саласының даму кезеңдері, сондай-ақ Амангелді Омаровтың көпжылдық еңбегі мен кәсіби адалдығы баяндалған.
Оның көпжылдық еңбегі жоғары мемлекеттік наградалармен, соның ішінде «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Құрметті теміржолшы» белгісімен, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағымен, «Құрмет» орденімен және Қазақстан Республикасы Президенттерінің алғыс хаттарымен марапатталған. Биыл Ғылым күніне орай Ақордада өткен салтанатты жиында ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан марапат алды.
Мерейтойлық кездесу ұрпақтар сабақтастығының, ұстазға деген құрметтің және Амангелді Жұмағалиұлы Омаровтың Қазақстанның көлік білімі мен ғылымына қосқан зор үлесін мойындаудың символына айналды.


