Көрнекті оқытушылардың ғылыми мұрасын сақтау және білімді келешек ұрпаққа жеткізу — Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT University академиялық дәстүрлерінің маңызды бөлігі.
ALT University профессоры, техника ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның көлік саласындағы білім беру жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан белгілі ғалым әрі педагог Зархум Сартаевич Бекжановтың отбасы оның жеке үй кітапханасын университет кітапханасының қорына ресми түрде табыстады.
Бұл оқиға кітапхана қорын толықтыруға қосылған құнды үлес қана емес, сонымен қатар ұрпақтар сабақтастығының, ғылыми мұраға деген құрметтің және отандық көлік білімінің дәстүрлерін сақтаудың айқын көрінісі болды.
Өмірін білім беру мен теміржол саласына арнаған тұлға
Зархум Сартаевич Бекжанов өзінің кәсіби өмірін теміржол көлігі саласына білікті мамандар даярлауға, ғылымды дамытуға және білім беру үдерісін жетілдіруге арнады.
Еңбек жолын тікелей теміржол саласында бастаған ол мол практикалық тәжірибе жинақтап, оны кейіннен оқытушылық және ғылыми қызметінде табысты қолданды.
1978 жылдан бастап оның кәсіби қызметі қазіргі ALT University-дің негізін қалаушы оқу орындарының бірі — Алматы теміржол көлігі инженерлері институтымен тығыз байланысты болды. Көптеген жылдар бойы басшылық қызметтер атқарып, факультетті және «Тасымалдау процестерін басқару» кафедрасын басқарды, көлік саласындағы білім беруді дамытуға елеулі үлес қосты.
Оның қызметінде оқу және ғылыми әдебиеттерді әзірлеу ерекше орын алды. Зархум Сартаевич қазақ тіліндегі алғашқы «Теміржолтану негіздері» оқулығының, теміржол терминдерінің орысша-қазақша сөздік-анықтамалығының, сондай-ақ бірқатар басқа оқу құралдарының авторы болды.
Ғалымның ғылыми мұрасы 100-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбекті қамтиды. Бұл еңбектер кәсіби білім беруді дамытуға және мемлекеттік тілдегі теміржол терминологиясын қалыптастыруға ықпал етті.
Алайда профессордың ең басты жетістігі — өзі тәрбиелеген студенттердің бірнеше буыны. Ол шәкірттеріне кәсіби білім берумен қатар, таңдаған мамандығына деген сүйіспеншілікті, жауапкершілікті және үздіксіз дамуға ұмтылысты сіңірді.
Жеке кітапхана — болашақ ұрпаққа арналған мұра!
Автор: Алик Асель


