БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын — ТДМ 3 «Жақсы денсаулық және әл-ауқат», ТДМ 4 «Сапалы білім беру», ТДМ 10 «Теңсіздікті азайту», ТДМ 16 «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» және ТДМ 17 «Тұрақты даму жолындағы әріптестік» мақсаттарын іске асыру аясында Инклюзивті білім беру және менталдық денсаулық офисі Практикалық психология апталығының үшінші күнін өткізді. Іс-шаралар профессор-оқытушылар құрамы мен эдвайзерлердің психологиялық әл-ауқатын нығайтуға, кәсіби тұрақтылықты дамытуға және эмоциялық күйзелістің алдын алуға бағытталды.
Практикалық психология апталығының бастамашысы әрі жоба жетекшісі — Инклюзивті білім беру және менталдық денсаулық офисінің басшысы Шабденова Дария Рахималиевна. Іс-шараларды ұйымдастыруға психолог-консультант Қапар Нурхан Аманжолұлы қолдау көрсетті.
Бағдарлама аясында шақырылған мамандардың қатысуымен үш семинар-тренинг өткізілді. Кездесулер қатысушыларға психологиялық денсаулық туралы білімдерін кеңейтуге, эмоциялық тепе-теңдікті сақтаудың практикалық тәсілдерімен танысуға және өз менталдық денсаулығына қамқорлық жасауға назар аударуға мүмкіндік берді. Тренингтер барысында арт-терапия, метафоралық ассоциациялық карталар, ассоциациялық карталар және әртүрлі аффирмациялар сияқты практикалық әдістер қолданылды.
Бірінші семинар-тренингті клиникалық психолог Әсем Ержанқызы Жеңісова профессор-оқытушылар құрамына арнап өткізді. Тренинг тақырыбы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу және оның ерекшеліктеріне арналды.
Екінші маман — клиникалық психолог Қабыкен Дина Кәкімбекқызы тренингтік сабақ барысында экспресс-консультациялар өткізді. Кездесуде психологиялық денсаулық және адамның эмоциялық жағдайын түсіну ерекшеліктері талқыланды.
Үшінші «Эдвайзерлердің психологиялық тұрақтылығы және кәсіби күйзелістің алдын алу» тренингін Satbayev University психологиялық қызметінің жетекшісі, психолог Әйгерім Маратқызы Сүлейменова өткізді. Қатысушылар психологиялық ресурстарды сақтау, кәсіби күйзелістің алдын алу және студенттермен жұмыс істеу барысында эмоциялық тұрақтылықты қолдау жолдарын талқылады.
Университет ортасындағы кәсіби қызмет құзыреттілік пен жауапкершілікті ғана емес, сондай-ақ эмоциялық шиеленісті дер кезінде анықтауды, ішкі ресурстарды қалпына келтіруді және өзінің психологиялық әл-ауқатын сақтауды талап етеді. Өткізілген кездесулер кәсіби диалог, тәжірибе алмасу және өзін-өзі қолдаудың практикалық құралдарын меңгеру алаңына айналды.
Қызметкерлердің менталдық денсаулығына қамқорлық жасау — қауіпсіз, қолдаушы және тұрақты университеттік ортаның маңызды құрамдас бөлігі. Шақырылған мамандарға және Практикалық психология апталығының үшінші күніне қатысқан барлық қатысушыларға алғысымызды білдіреміз!
Автор: Қапар Нурхан, Инклюзивті білім беру және менталдық денсаулық офисі


