2021 жылдың 27 қыркүйегінен 8 қазанына дейін Қарағанды техникалық университетінің «Көлік, көлік техникасы және технологиялары» білім беру бағдарламасының ғылыми-педагогикалық бағытының 2 курсының 10 магистранттан тұратын тобы логистика және көлік Академиясында ғылыми тағылымдамадан өтті.
Қарағанды техникалық университеті магистранттарын ғылыми-зерттеу тағылымдамасына 2015 жылдан бастап жіберіп отырады.
Тағылымдама жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру Департаментінің «Ынтымақтастық және академиялық ұтқырлық» кеңсесінің қызметкерлері және «Автокөлік құралдары және өміртіршілік қауіпсіздігі» кафедрасымен бірлесіп ұйымдастырды. Ғылыми кеңесшілері болып кафедра меңгерушісі, т.ғ.к., ЛжКА профессоры М. Н. Есенғалиев және т. ғ. к., ЛжКА профессоры К. А. Жүсіпов тағайындалды.
Бұл тағылымдаманың мақсаты: магистранттардың диссертация тақырыбы бойынша білімдерін нығайту және ғылыми ұсыныстар алу. Тағылымдама онлайн және оффлайн форматта өтті, тағылымдаманың жалпы көлемі 36 сағатты құрады.
Тағылымдама өту барысында магистранттар көлік құралдарының техникасы мен технологиясының негізгі ережелерін және заманауи зерттеу әдістемесінің экономикалық аспектілерін меңгерді. Оффлайн форматта тағылымдамадан өткен магистранттар үшін Академияның ғылыми жетістіктері мен зертханаларына техникалық экскурсия жүргізілді, Академияның жабдықталуымен және инфрақұрылымымен танысты.
Тағылымдама аяқталғаннан кейін магистранттарға тағылымдамадан өткендігін растайтын сертификаттар және АLT –дан естелік сыйлықтары салтанатты түрде табыс етілді.
Сертификаттарды табыстау барысында Академия Президент-Ректоры
С.Н. Әмірғалиева құттықтау сөзінде магистранттармен Академияның шетелдік серіктестерімен бірлесіп тағылымдамаларды өткізудің жаңа перспективалық бағыттарымен бөлісті, сондай-ақ оларға ғылыми тағылымдама өтуге Академияны таңдағаны үшін алғысын білдірді.
Өз кезегінде ҚарТУ магистранттары да тағылымдамадан өтуге мүмкіндік бергені үшін алғыстарын айтты. Академияда зертханалық база озық жабдықтармен жабдықталғанын және жоғары білікті профессор-оқытушылар құрамының арқасында оларға әрі қарай жұмыс істеуге көмектесетін көптеген жаңа білім алғандарын атап өтті.