Select Page

2026 жылғы 22 мамырда Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT University-де «Ғылым, білім, бизнес және өндірістік логистиканы интеграциялау: кадр даярлау мен қолданбалы зерттеулерден Қазақстанның бірыңғай цифрлық көлік-логистика жүйесін қалыптастыруға дейін» тақырыбында салалық конференция өтті.

Іс-шараны Орталық Азия логистика және көлік қауымдастығы (CALTA) мен ALT University бірлесіп ұйымдастырды. Конференция көлік-логистика саласының өкілдерін, бизнес, ғылым, IT-сектор, халықаралық ұйымдар, салалық қауымдастықтар, білім беру мекемелері мен теміржол саласының ардагерлерін біріктірді.

Бүгінде Қазақстанның көлік-логистика кешені ауқымды трансформация кезеңін бастан өткеруде. Халықаралық дәліздердің дамуы, жүк ағындарының артуы және экономиканың цифрлануы саланы басқарудың жаңа тәсілдерін, заманауи технологияларды енгізуді және жаңа буын мамандарын даярлауды талап етеді. Конференция дәл осы мәселелерге арналды.

Конференцияны CALTA Бас хатшысының кеңесшісі Берік Бұлекбаев ашты. Қатысушылар алдында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ардагері, Құрметті теміржолшы Марат Хамзин, ALT University Басқарма төрағасы – Ректоры Меруерт Жармағамбетова, «KAZLOGISTICS» Қазақстан тасымалдаушылар одағының Бас директоры Қанат Әлмағамбетов, CALTA Бас хатшысы Болатбек Дүйсемалиев және көлік саласының ардагерлері сөз сөйледі.

«Бүгінде көлік саласының бәсекеге қабілеттілігі тек инфрақұрылым мен тасымалдарға ғана емес, цифрлық технологияларға, қолданбалы ғылымға және барлық қатысушылардың бірыңғай жүйеде жұмыс істеу қабілетіне байланысты. Салаға цифрлық экономика жағдайында алғашқы күннен бастап жұмыс істей алатын жаңа буын мамандары қажет»,деп атап өтті ALT University Басқарма төрағасы – Ректоры Меруерт Жармағамбетова.

Конференция барысында ғылым, білім және бизнестің интеграциясына, адами капиталды дамытуға және Қазақстанның заманауи көлік жүйесі үшін мамандар даярлауға ерекше назар аударылды.

Іс-шара аясында екі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Біріншісі — ALT University мен CALTA арасында — ғылым, білім, инновациялар және Орталық Азияның көлік-логистика саласы үшін кадр даярлау бағытындағы серіктестікті дамытуға арналған. Екінші меморандум CALTA мен CILT Central Asia арасында жасалып, логистика, халықаралық тасымалдар және цифрлық шешімдерді енгізу саласындағы кәсіби ынтымақтастықты дамытуға бағытталды.

Конференцияның негізгі бөлімдерінің бірі «Қазақстанның көлік-логистика кешенін дамытудың жаңа көзқарасы: ғылыми-кадрлық базадан нарық қатысушыларын, цифрлық шешімдерді және елдің логистикалық әлеуетін интеграциялауға дейін» тақырыбындағы пленарлық сессия болды. Сессия модераторы Берік Бұлекбаев болды.

Пленарлық сессия спикерлері қатарында «Транссистема» ЖШС Бас директоры Бейсембай Жанбырбаев, TLK Media жетекшісі Жанна Исингарина, Қазақстандық жүк теміржол тасымалдаушылары қауымдастығының басшысы Рамия Сараева, TransCaspianCargo компаниясының Бас директоры Рүстем Бисалиев және «DAR RAIL» ЖШС бас талдаушысы Мұрат Бекмағамбетов болды.

Пленарлық сессия барысында қатысушылар көлік-логистика кешенінің негізгі сын-қатерлерін, қолданбалы ғылымды дамыту, саланы цифрландыру, заманауи аналитикалық және IT-шешімдерді енгізу, көлік инфрақұрылымының тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ мультимодальды тасымалдар, халықаралық көлік дәліздері және Қазақстанның транзиттік әлеуеті мәселелері көтерілді.

Пленарлық сессияның негізгі қорытындыларының бірі — саланы бөлшектеп дамытудан білім, ғылым, бизнес және технологиялар өзара біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейтін бірыңғай цифрлық көлік-логистика экожүйесін қалыптастыру қажеттігі болды.

Пленарлық сессиядан кейін қатысушылар үшін ALT University кампусына экскурсия ұйымдастырылып, қонақтар университеттің заманауи инфрақұрылымымен, инженерлік зертханаларымен, білім беру кеңістіктерімен және көлік-логистика саласына мамандар даярлауда қолданылатын цифрлық шешімдермен танысты.

Конференция жаңа буындағы көлік-логистика орталықтарын дамыту, кадр даярлау, білім мен қолданбалы ғылым, мультимодальды тасымалдар және халықаралық көлік дәліздері тақырыптарына арналған панельдік сессиялармен жалғасты. Қатысушылар логистикалық процестерді цифрландыру, халықаралық логистика, жеткізу тізбектерін басқару және Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту мәселелерін талқылады.

Конференция стратегиялық сессиямен қорытындыланып, оның барысында қатысушылар сараптамалық талқылаудан көлік-логистика кешенін дамытуға арналған бірлескен бастамалар мен практикалық пилоттық жобаларды қалыптастыру кезеңіне өтті.

Бүгінде Қазақстанға мемлекеттің, бизнестің, ғылым мен білімнің күшін біріктіретін, елдің бәсекеге қабілеттілігі мен өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған бірыңғай цифрлық көлік-логистика экожүйесі қажет.

Skip to content
Приемная комиссия