ALT University-де студенттердің кәсіби білімін кеңейтуге және жоғары білім беру мен теміржол саласы кәсіпорындары арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған «Қазақстанда қолданылатын заманауи локомотивтер» тақырыбында қонақ дәрісі өтті.
Дәріс спикерлері ретінде «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС филиалы – Алматы жүк тасымалы бөлімшесінің Алматы пайдалану локомотив депосының машинист-нұсқаушылары Шаяхметов М.Е. және Даулетхан А.Т. сөз сөйледі. Сала өкілдері студенттермен кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, Қазақстан теміржолдарында қолданылатын локомотивтердің ерекшеліктері мен оларды пайдалану мәселелері туралы баяндады.
Дәріс барысында қатысушылар заманауи локомотив паркімен, оның пойыздар қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз етудегі және жүк тасымалын ұйымдастырудағы маңызымен танысты. Сонымен қатар локомотив шаруашылығы жұмысының практикалық қырларына, машинистердің кәсіби қызметінің ерекшеліктеріне, сондай-ақ теміржол көлігінің қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ететін мамандарға қойылатын талаптарға ерекше назар аударылды.
Студенттер үшін бұл кездесу өндіріс саласының өкілдерінен тікелей ақпарат алуға, локомотив шаруашылығы мамандарының күнделікті жұмысымен жақынырақ танысуға және университетте алған теориялық білімдерін теміржол жылжымалы құрамын пайдаланудың нақты жағдайларымен ұштастыруға мүмкіндік берді. Тәжірибелі мамандармен пікір алмасу болашақ теміржолшыларға кәсіби даярлықтың, техникалық сауаттылықтың және жауапкершіліктің маңызын тереңірек түсінуге көмектесті.
Сала мамандарын білім беру үдерісіне тарту – тәжірибеге бағдарланған оқытудың маңызды құрамдас бөлігі. Осындай кездесулер студенттердің болашақ мамандығы туралы түсінігін қалыптастырып, кәсіби көкжиегін кеңейтуге және Қазақстанның теміржол көлігі саласындағы өзекті міндеттермен танысуға ықпал етеді.
ALT University көлік саласындағы кәсіпорындармен ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып, студенттердің кәсіби дамуына, тәжірибе алмасуына және білікті мамандар даярлауға бағытталған бастамаларды жүзеге асыруды жалғастыруда. Жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл білім беру үдерісін өндірістің қажеттіліктерімен ұштастырып, болашақ мамандардың кәсіби қызметке дайындалуына мүмкіндік береді.
Автор: Абдикаликова Л. Б.


