2025 жылдың 3 қазан күні ALT University-де ерекше форматтағы қонақ дәрісі өтті. Іс-шараға «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасының орынбасары – Торегелдин Мұрат Маратович және «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Жол диагностикасының орталығы» филиалының директоры – Акашов Аслан Нұрғалиевич арнайы қонақ ретінде келді.
Кездесу «Көліктік логистика», «Теміржол жолдары және жол шаруашылығы», «Көпірлер, тоннельдер және метрополитендер» мамандықтарының студенттері арасында өтті. Қонақтар студенттерге теміржол саласының қазіргі жағдайы, оның стратегиялық маңызы және жаңа технологиялық үрдістер жайлы кең көлемді ақпарат берді.
Дәріс барысында теміржол инфрақұрылымын цифрландыру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инженерлік жаңашылдықтар және саладағы жас мамандардың мүмкіндіктері туралы өзекті мәселелер талқыланды.
Студенттер қонақтармен ашық форматта пікір алмасып, кәсіби бағыттары бойынша қызықтырған сұрақтарын қойды. Кездесу жылы атмосферада өтіп, қатысушыларға шабыт пен жаңа білім берді.
Бұл қонақ дәріс жас мамандардың болашақ кәсібіне деген қызығушылығын арттырып, «Қазақстан темір жолы» компаниясының нақты тәжірибесін жақыннан танып-білуге мүмкіндік берді.