2026 жылғы 15 қазанда Мұхамеджан Тынышпаев атындағы ALT Университетінде халықаралық инженерлік-құрылыс компаниясы China Harbour Engineering Company Ltd. (CHEC) өкілдерінің қатысуымен қонақ дәрісі өтті. Іс-шараға «Теміржол құрылысы, жол және жол шаруашылығы», «Радиоэлектроника және телекоммуникациялар», «Электр энергетикасы» және «Автоматтандыру және басқару» білім беру бағдарламаларының студенттері қатысты.
Дәріс спикерлері – компанияның жүйелеу және байланыс бөлімінің басшылары Mr. Ge Xing және Mr. Wei Chong. Олар студенттерге CHEC компаниясының қызметі, негізгі жұмыс бағыттары, халықаралық инженерлік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру тәжірибесі туралы айтып берді. Сонымен қатар сигнал беру, орталықтандыру және бұғаттау (СОБ), сондай-ақ теміржол байланысы саласындағы мамандардың жұмыс ерекшеліктеріне тоқталды.
Кездесу барысында Қазақстанның теміржол инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта China Harbour Engineering Company Ltd. Бақты – Аягөз теміржол желісінің құрылысына қатысуда. Бұл жоба еліміздің көлік-логистикалық байланыстарын дамытуда маңызды рөл атқарады.
Компания өкілдері жас мамандарға қойылатын кәсіби талаптар мен халықаралық инженерлік-құрылыс ұйымында мансап құру мүмкіндіктері туралы да ақпарат берді. Студенттерге дуалды оқыту бағдарламаларына қатысу, өндірістік тәжірибеден өту және болашақта компанияға жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылды.
Қонақ дәрісі болашақ мамандарға теміржол саласының нақты міндеттерімен, сигнал беру және байланыс жүйелеріндегі заманауи технологиялармен, сондай-ақ кәсіби даму перспективаларымен танысуға мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер университет пен жұмыс берушілер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, студенттердің практикалық білім алуына және еңбек нарығына бейімделуіне жол ашады.
ALT Университеті саланың жетекші компанияларымен ынтымақтастықты дамытуды жалғастырып, теориялық білімді практикалық тәжірибемен ұштастыруға және студенттердің кәсіби мансабына жаңа мүмкіндіктер ашуға ұмтылады.
Автор: Абдикаликова Л. Б.


