Select Page

ALT University Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы академиясымен бірлесіп жүзеге асыратын «Жол қозғалысы қауіпсіздігі» білім беру бағдарламасы аясында курсанттардың Алматы қаласындағы Mercedes-Benz ресми дилерлік орталығы — «Blue Star of Kazakhstan» ЖШС базасында көшпелі практикалық сабағы өтті. Практикалық сабақ ALT University «Автокөлік құралдары және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Манарбек Нұрасбекұлы Есенғалиевтің жетекшілігімен ұйымдастырылды.

Көшпелі сабақтың басты мақсаты — болашақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерін автомобиль өнеркәсібінің заманауи технологияларымен, көлік құралдарын диагностикалау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу ерекшеліктерімен, сондай-ақ заманауи дилерлік және сервистік орталықтың жұмысын ұйымдастыру процесімен таныстыру.

Сапар барысында компания мамандары курсанттарды Mercedes-Benz дилерлік орталығының жұмыс принциптерімен таныстырып, заманауи диагностикалық жабдықтарды, техникалық қызмет көрсету және шанақ жөндеу (кузов жөндеу) учаскелерін көрсетті. Автомобильдердің электронды жүйелеріне, көлік құралдарының қауіпсіздігі мәселелеріне және сервистік жұмыстарды жүргізу кезінде инновациялық технологияларды қолдану барысына ерекше назар аударылды.

Курсанттар автомобильдерді компьютерлік диагностикалауға арналған кәсіби жабдықтармен танысуға, тәжірибелі мамандарға сұрақтар қоюға және көлік құралдарына техникалық сараптама жүргізудің ерекшеліктерін талқылауға мүмкіндік алды.

Практикаға бағытталған оқыту форматы — ALT University мен ІІМ Алматы академиясы бірлесіп осымен екінші жыл қатарынан өткізіп келе жатқан «Жол қозғалысы қауіпсіздігі» курсының маңызды бөлігі. Мұндай сабақтар болашақ мамандарға теориялық білімдерін практикада бекітуге, автомобиль саласының заманауи технологияларын меңгеруге және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы кәсіби даярлық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Автор: Алия Ерлан

Skip to content
Приемная комиссия