2025 жылғы 11 сәуірде ALT Университетінде Алматы және Алматы облысында логистикалық кластер құру мәселесіне арналған экономика мен бизнес саласындағы ең өзекті бағыттардың бірі – логистикалық шешімдер бойынша 2-ші Халықаралық дөңгелек үстел отырысы өтті.
Тиімді логистикалық кластер құру – аймақтың тұрақты дамуын қамтамасыз ету мен халықаралық сауда мен инвестицияларды ынталандыру жолындағы маңызды қадам болып табылады. Алматы мен Алматы облысы логистикалық хабқа айналу үшін бірегей мүмкіндіктерге ие, және бірлескен күш-жігерімізбен бұл әлеуетті аша аламыз.
Қазақстан мен Германияның бизнес, ғылым және білім салалары өкілдерінің интеграциялық кездесуі Алматы және Алматы облысында логистикалық кластер құру мәселесін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды. Бұл логистикалық үдерістерді оңтайландыруға, компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Логистиканы кластерлендіру инфрақұрылымды жақсартуға және көлік пен логистика саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға да септігін тигізеді.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кластерлік өндіріс ұйымдастыру формасы инновациялық үдеріс үшін ең қолайлы болып табылады. Мысалы, Калифорниядағы Кремний алқабы – жоғары технологиялық компаниялар мен университеттерді біріктіретін үлкен кластер. Бұл жерде Apple, eBay, Facebook, Google және Intel сияқты компаниялардың штаб-пәтерлері орналасқан. Бұл кластердің басты артықшылығы – университет түлектері беделді жұмыс орындарына ие болып, ал компаниялар ең жаңа ғылыми әзірлемелерді пайдалана алады.
Немесе: Жапониядағы Токио-Йокогама кластері. Ғаламдық инновациялық индекс бойынша, Токио-Йокогама кластері 2022 жылы ең инновациялық деп танылды. Бұл кластерде ең көп патенттік өтінімдер берілген. Тек медицина саласының дамуы үшін Йокогамада 26 университет, 180 ғылыми-зерттеу институты және 9000 компаниядан тұратын желі құрылған.
Кәсіпорындарды біріктіру бағыттары көп: креативті кластер – бұл шығармашылық кәсіп өкілдері жиналатын кеңістік. Әрбір кластерде жұмыс істеуге, туындыларды сатуға, пайдалы байланыстар орнатуға, университеттермен тиімді қарым-қатынас жасауға, шығындарды бөлісуге, білім алмасуға, үздік қызметкерлер мен жеткізушілерге қол жеткізуге, аймақтық билік пен мемлекет тарапынан қолдау алуға, мамандандырылған кластерлерге, шағын және орта бизнесті біріктіретін кластерлерге қатысуға болады.
Іс-шара барысында өткен талқылаулар логистиканың тиімділігін арттыру мен жаһандық көлік-экономикалық тізбектерге бірігуді көздейтін жаңа идеялар мен жобалардың дамуына ықпал етеді.