Select Page

М. Тынышпаев атындағы ALT университетінің Жалпы инженерия департаментінде «Физиканы оқытуда аралас оқытуды ұйымдастырудың заманауи әдістері» тақырыбында әдістемелік семинар өтті. БҰҰ-ның № 4 «Сапалы білім беру» тұрақты даму мақсаты аясында ұйымдастырылған семинарды Алдекеева Динара Танашбековна өткізді. Іс-шара оқытушылардың тәжірибе алмасуына және аудиториялық сабақтарды цифрлық білім беру ресурстарымен ұштастыру мүмкіндіктерін талқылауына бағытталды.

Аралас оқыту оқытушымен бетпе-бет жұмысты студенттердің электрондық білім беру ортасындағы өз бетінше дайындығымен ұштастырады. Физиканы оқытуда бұл тәсіл негізгі ұғымдармен алдын ала танысудан бастап есептер шығаруға, тәжірибелер жүргізуге және алынған нәтижелерді талдауға дейінгі оқу үдерісін бірізді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Мұндай оқытуды ұйымдастыру әдістерінің бірі — «төңкерілген сынып». Студенттер қысқаша теориялық материалдарды, бейнедәрістерді немесе презентацияларды алдын ала зерделеп, сабақ барысында алған білімдерін физикалық есептерді шығаруда қолданады. Бұл күрделі мәселелерді түсіндіруге, бірлесіп талқылауға және білім алушыларға жеке қолдау көрсетуге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.

Физиканы оқытуда компьютерлік модельдеуді нақты зертханалық тәжірибемен ұштастырудың маңызы ерекше. Интерактивті модельдер физикалық үдерістерді көрнекі түрде көрсетуге, шамалар арасындағы тәуелділікті бақылауға және өлшеулер жүргізуге дайындалуға көмектеседі. Ал зертханалық жабдықтармен жұмыс істеу практикалық дағдыларды, өлшеу қателіктерін бағалау және қорытындыларды негіздеу қабілеттерін қалыптастырады.

Әдістемелік тәжірибе алмасу физиканы оқытуды жетілдіруге және оқу үдерісін көрнекі әрі мазмұнды ететін тәсілдерді іздестіруге ықпал етеді. Цифрлық құралдарды, оқытушымен тікелей өзара әрекеттесуді және тәжірибелік жұмысты ұтымды үйлестіру студенттердің дербестігін дамытуға және инженерлік білімнің берік негізін қалыптастыруға жағдай жасайды.

Іс-шара БҰҰ-ның № 4 «Сапалы білім беру» тұрақты даму мақсатына сәйкес келеді, өйткені заманауи білім беру технологияларын енгізуге, оқыту сапасын арттыруға және студенттердің қолжетімді әрі тәжірибеге бағдарланған инженерлік білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.

Автор: Бармағамбетова С.

Skip to content
Приемная комиссия