БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру аясында, атап айтқанда, ТДМ 3 «Салауатты өмір салты және әл-ауқат», ТДМ 4 «Сапалы білім», ТДМ 10 «Теңсіздікті қысқарту», ТДМ 16 «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» және ТДМ 17 «Тұрақты даму мүддесіндегі әріптестік» бағыттары бойынша психологиялық қолдау көрсетуге, эмоциялық күйіп кетудің алдын алуға, коммуникативтік дағдыларды дамытуға, команда қалыптастыруға, тұлғааралық қақтығыстарды шешуге, сондай-ақ қауіпсіз, инклюзивті және қолайлы білім беру ортасын құруға бағытталған іс-шаралар өткізілді.
Инклюзивті білім беру және менталдық денсаулық офисі психологиялық саулық туралы хабардарлықты арттыруға, менталдық денсаулыққа қамқорлық жасау мәдениетін қалыптастыруға және әрбір адам қолдау алып, өзін тереңірек түсіне алатын қауіпсіз кеңістік құруға бағытталған Практикалық психология апталығын өткізді.
Практикалық психология апталығы Инклюзивті білім беру және менталдық денсаулық офисінің басшысы Шабденова Дария Рахималиевнаның бастамасымен және жетекшілігімен ұйымдастырылды. Жобаны жүзеге асыруға психолог-консультант Қапар Нурхан Аманжолұлы ұйымдастырушылық қолдау көрсетті.
Практикалық психология апталығы аясында алғашқы екі күн жеке психологиялық консультациялар мен экспресс-тренингтерге (коммуникативтік дағдыларды арттыру және команда құру) арналды. Бұл бастамаға «Insight» студенттік ғылыми-практикалық бірлестігінің психология бағыты бойынша тәжірибеден өтіп жүрген 40 студенті қосылды. Оларды педагогика ғылымдарының кандидаты, психология ғылымдарының докторы (Ресей), Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Халықаралық психология ғылымдары академиясының академигі (Ресей), «Халықаралық практикалық психология және педагогика академиясының» директоры, практик-психолог, дефектолог Елена Владимировна Мусихина басқарды. ОИОиМЗ және «Insight» бірлесіп консультациялар өткізіп, қатысушыларға мамандарға жүгінуге, өз сезімдерімен бөлісуге және толғандырған мәселелерін жайлы жағдайда талқылауға мүмкіндік берді.
Жұмыс барысында арт-терапия, құм терапиясы, метафоралық ассоциативтік карталар (МАК) және ертегі терапиясы сияқты практикалық психологиялық әдістер қолданылды. Бұл әдістер қатысушыларға эмоцияларын білдіруге, ішкі жағдайын тереңірек түсінуге және қиындықтарды еңсеруге көмектесетін жеке ресурстарын табуға мүмкіндік берді.
Консультация аясында дағдарыстық жағдайлар, әлеуметтік фобия, эмоциялық күйіп кету, отбасылық қарым-қатынас мәселелері, фобиялар, тұлғааралық қақтығыстар, жақын адамынан айырылу және басқа да көптеген жағдайлар бойынша көмек көрсетілді.
Біз менталдық денсаулыққа қамқорлық ашық диалогтан, өзіне мұқият қараудан және қажет болған жағдайда қолдау сұрауға дайын болудан басталады деп сенеміз. Мұндай форматтағы консультациялар бір сағатта 40-қа дейін өтінішті қарауға, психологиялық мәселелерді анықтауға, ұсынымдар беруге және одан әрі жеке немесе топтық жұмысты ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан Практикалық психология апталығы психологиялық көмекті барынша қолжетімді етуге, ал сезімдер, толғаныстар және ішкі жан дүниесі туралы әңгімені университет өмірінің табиғи бөлігіне айналдыруға бағытталған.
Апта аясында қатысушылар үшін жаңа кездесулер, пайдалы іс-шаралар және өздерін әрі психологиялық саулығын тереңірек тануға көмектескен түрлі белсенділіктер өткізілді.
Практикалық психология апталығы — әрбір адамды бағалайтын, әртүрлілікті қолдайтын және менталдық денсаулыққа қамқорлық танытатын университеттік ортаны қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
Практикалық психология апталығының іс-шараларына қатысқан барлық қатысушылар мен мамандарға алғыс білдіреміз!
Автор: Қапар Нурхан, Инклюзивті білім беру және менталдық денсаулық офисі


