БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын — ТДМ 3 «Жақсы денсаулық және әл-ауқат», ТДМ 4 «Сапалы білім беру», ТДМ 10 «Теңсіздікті азайту», ТДМ 16 «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» және ТДМ 17 «Тұрақты даму жолындағы әріптестік» мақсаттарын іске асыру аясында Инклюзивті білім беру және менталдық денсаулық кеңсесі Практикалық психология апталығының қорытынды күнін өткізді.
Практикалық психология апталығының қорытынды іс-шарасын ALT University Инклюзивті білім беру және менталдық денсаулық кеңсесінің басшысы Шабденова Дария Рахималиевна және психолог-консультант Қапар Нурхан Аманжолұлы өткізді.
Жобаны қорытындылау аясында ALT University-дің төрт Студенттер үйінде кинотерапия сеанстары ұйымдастырылды. Қатысушылар арнайы таңдалған фильмдерді көріп қана қоймай, оларда көтерілген тақырыптарды, эмоцияларды, өмірлік жағдайларды және адамдар арасындағы қарым-қатынас ерекшеліктерін талқылай алды.
Кинотерапия адамның өз тәжірибесіне сырт көзбен қарауына, кейіпкерлердің эмоциялық жағдайын жақсырақ түсінуіне және өмірлік қиындықтарды жеңудің әртүрлі жолдарын көруіне көмектеседі. Бірлескен талқылау қатысушыларға өз әсерлерімен бөлісуге, бір-бірінің пікірін тыңдауға және өз сезімдеріне саналы түрде қарау дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Әр топқа арт-терапия әдістері мен метафоралық ассоциативті карталарды (МАК) қолдану арқылы экспресс-консультацияларға ерікті негізде қатысу мүмкіндігі де ұсынылды.
Практикалық психология апталығы аяқталуда, алайда менталдық денсаулыққа қамқорлық жасау, өзіне мұқият қарау және айналадағы адамдарды қолдауға дайын болу университет өмірінің маңызды бөлігі болып қала береді. Егер сізді қандай да бір мәселе алаңдатса, психологиялық қолдау алу үшін бізге жүгіне аласыз!
Практикалық психология апталығының іс-шараларына қатысқан барлық қатысушылар мен мамандарға алғысымызды білдіреміз!
Автор: Қапар Нурхан, Инклюзивті білім беру және менталдық денсаулық офисі


