Оқу практикасы аясында «Қаржы» білім беру бағдарламасының 1 курс студенттері «Керемет Су СКЕ» кәсіпорнына танымдық экскурсияға қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің теориялық білімдерін нақты өндірістік тәжірибемен ұштастыру, кәсіпорын қызметінің ерекшеліктерімен таныстыру және болашақ кәсіби қызметіне деген қызығушылығын арттыру.
Экскурсия барысында білім алушылар кәсіпорынның өндірістік инфрақұрылымымен, өнім өндірудің негізгі кезеңдерімен, сапаны бақылау жүйесімен және заманауи өндірістік технологиялармен танысты. Компания мамандары зауыттың жұмыс істеу қағидаттары, өндірістік үдерістерді ұйымдастыру ерекшеліктері, ресурстарды тиімді пайдалану және кәсіпорын қызметіндегі қаржылық жоспарлаудың маңызы туралы жан-жақты ақпарат берді.
Студенттер өндірістік қызметтің экономикалық аспектілерімен танысып, қаржылық ресурстарды басқару, шығындарды жоспарлау, өнімнің өзіндік құнын қалыптастыру және кәсіпорынның тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі қаржы қызметінің рөлі жөнінде пайдалы мәліметтер алды. Сондай-ақ олар өндіріс пен қаржы арасындағы өзара байланыстың кәсіпорын тиімділігіне қалай әсер ететінін тәжірибелік тұрғыдан көре алды.
Мұндай экскурсиялар студенттердің кәсіби құзыреттерін дамытуға, еңбек нарығының талаптарын тереңірек түсінуге және болашақ мамандықтарына қатысты тәжірибелік дағдыларды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Экскурсия соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, кәсіпорын қызметінің түрлі бағыттары бойынша пікір алмасты.
«Керемет Су СКЕ» ұжымына көрсеткен қонақжайлылығы мен мазмұнды экскурсия ұйымдастырғаны үшін алғысымызды білдіреміз.
ТДМ: ТДМ 4 – Сапалы білім беру; ТДМ 8 – Лайықты еңбек және экономикалық өсу; ТДМ 9 – Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым; ТДМ 17 – Тұрақты даму мақсаттары үшін серіктестік.
Автор: Алик А.


