10 сәуірде Бейжің қаласында «China Study Abroad Forum» (CSAF) форумы мен «China International Education Exhibition Tour» (CIEET) халықаралық білім беру көрмесі өтті. Қазақстан бұл шараға алғаш рет осындай ауқымды деңгейде қатысып, еліміздің жоғары білім беру мүмкіндіктерін паш ететін ұлттық павильонды ұсынды.
Форумда сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова жоғары білім беру жүйесінің дамуына, халықаралық академиялық іс-қимылға және 2029 жылға қарай шетелдік студенттер санын 100 мыңға жеткізуді көздейтін «Study in Kazakhstan» бастамасына тоқталып өтті.
«Қазақстан – академиялық білім аумағы» тақырыбы аясында отандық 27 жетекші жоғары оқу орны өздерінің білім беру бағдарламалары мен серіктестік мүмкіндіктерін танытты. Қазақстандық университеттердің өкілдері қытайлық студенттердің елімізде білім алуға деген қызығушылығының артып келе жатқанын, сондай-ақ қос дипломды бағдарламалар мен бірлескен ғылыми жобалардың аясы кеңейгенін ерекше атап өтті.
Қазақстанның CSAF және CIEET шараларына қатысуы ұлттық жоғары білім беру жүйесін халықаралық деңгейде ілгерілетуге, шетелдік серіктестікті нығайтуға және отандық университеттердің жаһандық деңгейдегі танымалдылығын арттыруға бағытталған.
Автор: Мұстафа А. Б.


